Айдаһар (айдахар) — қазақтың байырғы наным-сенімдерінде кездесетін мифологиялық бейне. Ол бірнеше басты алып жыртқыш, адам баласына өлім әкелетін дүлей күш, жалмауыз ретінде сипатталады. Әлем халықтарының фольклорында кең тараған бұл кейіпкер қазақ ертегілерінде қауымнан ауыр салық алып, адамдарды, малды тірідей жұтатын құбыжық болып бейнеленеді. Әсіресе, қыздарды жалмап, халыққа үрей туғызады. Айдаһармен шайқасқан батырлар оны өлтіріп, халықты құтқарады.
Қазақ түсінігінде айдаһар көбінесе алып жылан түрінде елестетіледі. Кейбір ертегілерде ол сумен байланысты бейнеленеді: мысалы, әйел кейпіне еніп, жігітке тұрмысқа шығады немесе аспаннан жаңбыр жаудыра алады. Айдаһардың жауын-шашынмен байланысы қазақ этномәдениетіне отырықшы халықтардан енген. Бұл бейне жауын-шашын мен су иесі ретінде де қабылданған.
Айдаһардың тағы бір маңызды символдық мәні – төменгі әлемнің күзетшісі және жанды о дүниеге жеткізуші рух-ие болуы. Қазақ аңыздарында айдаһар кейде тотемдік сенімнің қалдығы ретінде де қарастырылады.
Сонымен қатар, қазақ мифологиясында «Бәйтерек» атты әлемдік ағаштың түбінде өмір сүретін айдаһар туралы аңыз бар. Бұл айдаһар Самұрық құсы салған алтын жұмыртқаны жұтып қояды деген сенім бар.
Айдаһар образы көшпенділер мен отырықшы халықтардың мәдениеттерінде әртүрлі сипатқа ие болған: көшпенділерде ол көбінесе алып жылан түрінде болса, отырықшы халықтарда қанаты бар, аузынан от шашатын, жаңбыр жауғызып немесе құрғақшылық туғызатын мақұлық ретінде сипатталған.